Taximen GO пайдаланушы келісімі
2026 жылғы 17 қарашадағы редакция.
Ең бастысы қысқаша. Taximen GO клиенттерді жүргізушілермен, курьерлермен, дүкендермен және шеберлермен байланыстырады. Жүргізуші тасымалдайды, курьер жеткізеді, дүкен сатады — әрқайсысы өз атынан. Сапар бағасын тапсырысқа дейін көресіз және орындаушыға тікелей төлейсіз. Орындаушылар қосымшадағы балансын толықтырады, сервис комиссиясы содан алынады. Қорлау, алдау және тыйым салынған тауарларға жол берілмейді: шағымдарға 24 сағат ішінде жауап береміз.
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы келісім (бұдан әрі — «Келісім») — дара кәсіпкер Адасханова Шолпан Сакеновнаның («Адасханова» ЖК, ЖСН 900830401104, бұдан әрі — «Taximen GO», «біз») кез келген әрекетке қабілетті тұлғаға (бұдан әрі — «Пайдаланушы», «сіз») Taximen GO мобильді қосымшасы мен сайтын (бұдан әрі бірге — «Сервис») пайдалануға арналған жария офертасы.
1.2. «Жалғастыра отырып, сіз шарттар мен құпиялылық саясатын қабылдайсыз» деген мәтіннің астындағы кіру батырмасын басып, телефон нөміріңізді растаған кезде Келісімді толық қабылдайсыз. Жаңа редакция шыққанда қосымша «Қабылдаймын» батырмасын басуды сұрайды. Келіспесеңіз — Сервисті пайдаланбаңыз.
1.3. Келісіммен бірге Taximen GO Құпиялылық саясаты қолданылады. Жүргізушілер мен курьерлерге қосымша 9-бөлім, жүк тасымалдаушыларға — 9.3–9.5 және 9.11-тармақтар, дүкендерге, техника иелеріне, шеберлерге және хабарландыру авторларына 10-бөлім қолданылады.
1.4. Орындаушы заң бойынша мұндай қызметтерді көрсетуге немесе мұндай тауарларды сатуға құқылы тұлға ғана бола алады.
1.5. Біз Келісімді өзгерте аламыз. Елеулі өзгерістер туралы (комиссия, есеп айырысу тәртібі, тапсырыстарды бөлу қағидалары, бұғаттау негіздері) қосымшада кемінде 7 күн бұрын хабарлаймыз. Жаңа редакциямен келіспесеңіз — аккаунтыңызды жоя аласыз.
1.6. Келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалды, екі мәтіннің күші бірдей. Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
2. Терминдер
- Клиент — сапарға, жеткізуге, тауарға, техникаға немесе шеберге тапсырыс беретін адам.
- Орындаушы — клиенттің тапсырысын қабылдайтын жүргізуші, курьер, жүк тасымалдаушы, шебер, арнайы техника иесі немесе дүкен.
- Тапсырыс — клиенттің Сервистегі сұранысы.
- Оператор (диспетчер) — тапсырыстарды телефон арқылы қабылдайтын Taximen GO қызметкері.
- Баланс — орындаушының қосымшадағы шоты: орындаушы оны алдын ала толықтырады, сервис комиссиясы содан алынады.
- Сервис комиссиясы — орындаушының Сервисті пайдаланғаны үшін Taximen GO-ға төлейтін, орындалған тапсырыс бағасынан пайызбен есептелетін төлемі.
3. Taximen GO не істейді
3.1. Taximen GO — ақпараттық сервис: клиенттердің тапсырыстарын (қосымшада және телефон арқылы) қабылдайды, бағаны есептеп көрсетеді, тапсырысты орындаушыға береді, ал клиентке орындаушының деректерін және оның картадағы орнын көрсетеді.
3.2. Taximen GO тасымалдаушы, жеткізу қызметі, тауар сатушы, орындаушылардың жұмыс берушісі немесе агенті емес. Тасымалды жүргізуші, жеткізуді курьер орындайды, тауарды дүкен сатады, жұмысты шебер немесе техника иесі орындайды — өз атынан және өз жауапкершілігімен. Тасымал, жеткізу, сатып алу-сату, жалға алу немесе мердігерлік шарты клиент пен орындаушы арасында жасалады.
3.3. Taximen GO клиенттердің ақшасын қабылдамайды: клиент орындаушыға тікелей төлейді (7-бөлім). Біз Google Play немесе App Store арқылы қосымша ішіндегі сатып алуларды сатпаймыз.
3.4. Функциялар жиынтығы әр қалада әртүрлі болуы және уақыт өте өзгеруі мүмкін.
4. Сервис функциялары және олар не үшін керек
4.1. Телефон нөмірі арқылы кіру
Не үшін: аккаунт нөмір иесіне тиесілі болуы және тапсырыс бойынша онымен байланысуға болуы үшін. Бір нөмір — бір телефондағы бір аккаунт; жаңа телефоннан кірсеңіз, ескі телефондағы сеанс аяқталады.
Қалай: қосымша көрсеткен нөмірге қоңырау шаласыз. Не қоңырау бірден үзіліп, нөмір өздігінен расталады, не робот код айтады. Робот тұтқаны көтергенде байланыс операторы тарифіңіз бойынша ақы алуы мүмкін (әдетте 1 минутқа дейін). Қоңырау арқылы кіру қолжетімсіз болса, код SMS арқылы келеді.
4.2. Карта және орналасқан жер
Клиентке — көлікті беру мекенжайын анықтау және жақын маңдағы көліктерді көру үшін. Жүргізуші мен курьерге — жақын тапсырыстарды алу және навигация үшін; жүргізуші желіде тұрғанда оның орналасқан жері беріледі, оның ішінде қосымша жиналып тұрғанда да. Қосымша өз өңіріңіздің картасын телефонға бір рет жүктейді — сонда карта мен мекенжай іздеу интернетсіз де жұмыс істейді.
4.3. Көлік іздеу
- Тапсырыс бос көлікті беру нүктесінен радиус қадамдарымен іздейді: алдымен жақыннан, сосын алыстан (мысалы, 1 → 2 → 3 км).
- Кезекпен: тапсырысты бір жүргізуші көреді; қабылдамаса — келесісі. Барлығына бірден: тапсырысты жақындағы барлық бос жүргізушілер көреді, «Қабылдау» батырмасын бірінші басқан алады. Тәсіл әр қала үшін белгіленеді.
- Ұсынысты басымдығы бар және рейтингі жоғары жүргізушілер ертерек алады, сосын — кім тезірек жетеді.
- Жақында бос көлік болмаса, басқа клиентті сіздің бағытыңызға қарай алып бара жатқан жүргізушіге мекенжай мен телефон жазылған карточка келеді — ол сізге қоңырау шалып, ағымдағы сапардан кейін тапсырысты ала алады.
- Іздеу әдетте 10 минутқа дейін жүреді. Көлікті картадан өзіңіз таңдай аласыз.
4.4. Жүргізушіге тапсырыс ұсынысы және навигатор
Ұсыныс дыбыспен келеді және құлыпталған экранның үстінен көрсетіледі. Жүргізуші желіде тұрғанда экран өздігінен сөнбейді. «Қабылдау» басылғаннан кейін навигатор ашылады; беру нүктесінде қосымша «Мен орнындамын» белгісін өзі қояды, ал көлік жүріп кеткенде — «Кеттік».
4.5. Байланыс
Тапсырыс жүріп жатқанда клиент пен орындаушы бір-бірінің телефонын көреді және қоңырау шала немесе WhatsApp-қа жаза алады. Тапсырыстан кейін телефондар жасырылады. Түнде диспетчер нөміріне шалынған қоңырау бос жүргізушіге тікелей қосымшаға келуі мүмкін; әңгімелер жазылмайды.
Сондай-ақ қосымша арқылы (қосымшаның бұл функция бар нұсқаларында) — интернет арқылы, нөмірсіз қоңырау шалуға болады: жүріп жатқан тапсырыс бойынша клиент пен жүргізуші (курьер), ал аккаунтқа кірген клиент — картадан бос көлікке, сағатына 4 реттен артық емес. Жүргізуші жауап бермеуі немесе қоңырауды қабылдамауы мүмкін; 30 секунд жауапсыз болса, қоңырау аяқталады. Картадан тапсырысқа дейін тек көлік маркасы мен тариф көрінеді; әңгімеден кейін жүргізуші «Қабылдадым» немесе «Бас тарттым» басады. «Қабылдадым» — сіз қоңырау шалған жерден тапсырыс бірден осы жүргізушіге беріледі (бағасы — қалаңыздың ережесі бойынша), тек сонда оның аты, көлігі және мемлекеттік нөмірі көрінеді. Қосымша арқылы қоңырау жазылмайды. Интернет ақысы — операторыңыздың тарифі бойынша.
4.6. Рация
Жүргізушілер, курьерлер және диспетчер бір-бірімен сөйлеседі: батырманы басып тұрыңыз — сөйлеңіз, жібердіңіз — сіздің арнаңыздағылардың бәрі естіді. Рацияда аты емес, мемлекеттік нөмірі көрінеді. Дауыс жазылмайды. «Жиын» — тапсырыстар көліктен көп болғанда диспетчердің қаланың барлық жүргізушісіне хабары: 5 минутта бір реттен жиі емес; жабық телефонда алдымен сирена, сосын дауыс естіледі.
4.7. Телефон арқылы тапсырыс
Диспетчерге қоңырау шалыңыз — ол тапсырысты сіздің нөміріңізге рәсімдейді. Бұл нөмірмен аккаунт болмаса, ол жасалады.
4.8. Қалааралық және жолай сапарлар
Қалааралық: қалаларды, уақытты, орындарды және төлеуге дайын бағаңызды көрсетесіз. Жолай сапарлар: жүргізуші сапарды жариялайды, жолаушылар орын броньдайды. Қалааралық картасында желідегі қалааралық көліктер көрінеді: шамамен орны, бағыты, орындары және бағасы.
4.9. Жеткізу, жүк тасымалы, дүкендер, арнайы техника, шеберлер, хабарландырулар
Курьер сәлемдемені алып, жеткізеді. Жүк тасымалына өтінім жүк көліктерінің иелеріне жіберіледі, тасымалдаушы оны қосымшада алады. Дүкендерде — витрина, тауарлар және тапсырыстар. Техникаға немесе шеберге өтінім лайықты орындаушыларға жіберіледі. Хабарландырулар — жеке ұсыныстар тақтасы, хат алмасуы бар.
4.10. Рейтинг және бағалар
Клиент орындаушыға 1-ден 5-ке дейін жұлдыз қояды. Жүргізушінің 0-ден 9,9-ға дейінгі рейтингі де бар, оны Сервис жүргізушінің жұмысы бойынша есептейді (9.6-тармақ).
4.11. Орындаушының балансы
Орындаушы балансты алдын ала толықтырады, әр орындалған тапсырыстың комиссиясы содан алынады (9.3–9.5-тармақтар).
4.12. Хабарламалар және жарнама
Хабарламалар тапсырыстар, сауалнамаларды тексеру, төлемдер және бұғаттаулар туралы хабарлайды. Қалаңыздың жарнамасы «Жарнама» сөзімен белгіленеді.
4.13. «Сапармен бөлісу»
Жақындарыңызға сілтеме жіберіңіз: олар көлікті, оның нөмірін және қазір қайда екенін көреді — телефондарсыз және отыратын мекенжайсыз.
5. Аккаунт
5.1. Шынайы деректерді көрсетіңіз. Қауіпсіздік үшін жеке басыңызды немесе құжаттарды растауды сұрауымыз мүмкін.
5.2. Аккаунтқа кіруді басқа адамдарға бермеңіз. Аккаунтыңыздан жасалғанның бәрі сіз жасаған деп есептеледі.
5.3. Аккаунтты қосымшада жоюға болады: «Мәзір» → «Профиль» → «Аккаунтты жою», немесе қосымшасыз — taximen.kz/delete-account бетінде. Тапсырыс жүріп жатса, алдымен оны аяқтаңыз немесе бас тартыңыз. Деректермен не болатыны Құпиялылық саясатында айтылған.
6. Тапсырыстар және бағалар
6.1. Қала ішіндегі такси
- Баға тапсырысқа дейін көрсетіледі. Ол тариф (Бірге, Эконом, Комфорт, Бизнес, Құрбы такси), орын саны және жол бойынша қашықтық арқылы есептеледі; аудандары бар қалаларда аудандар арасындағы баға тұрақты болуы мүмкін.
- Қайда бару керегін көрсетпесеңіз, «бастап» деген баға көрсетіледі, ал қорытынды баға нақты жол бойынша есептеледі.
- Күтудің алғашқы 3 минуты тегін, одан әрі — тариф бойынша минуттық.
- Жолдағы аялдамалар (мысалы, дүкен жанында) бірінші минуттан бастап күту тарифі бойынша төленеді. Аялдамадан кейін сапар аудандар арасындағы бағалар бойынша бөліктермен есептеледі (аудандар жоқ жерде — бүкіл сапар километр бойынша), ал қайда бару керегін көрсетсеңіз — тапсырысқа дейін көрсетілген бағадан арзан болмайды.
- Кейбір уақытта үстемеақылар (түн, жаман ауа райы) болуы мүмкін — оларды тапсырысқа дейін көресіз.
- Жүргізуші тапсырысты қабылдағаннан кейін одан бас тартсаңыз немесе көлікке шықпасаңыз, келесі такси тапсырысы 5%-ға қымбат болады.
- «Құрбы такси» — көлікті әйел жүргізуші жүргізетін тариф.
- «Бірге» — бірлескен сапар. Тапсырыс — 1 немесе 2 адамға. Көлікке жолай серік отыруы мүмкін — бағыты сізбен бір басқа жолаушы: көлікте мұндай тапсырыс екіден, адам 4-тен артық болмайды. Серікті алуға бұрылу сапарыңызды аздап ұзартады (шегін Taximen GO белгілейді, әдетте 5 минутқа дейін); алдымен жақынырақ баратын адам түсіріледі. Тапсырысқа дейін екі баға көрінеді: «серікпен» және «жалғыз барсаңыз». Серік сізбен бірге көлікте болса, «серікпен» бағасын, болмаса — «жалғыз» бағасын төлейсіз. Серікке сіздің атыңыз бен телефоныңыз, сізге — оның деректері көрсетілмейді.
6.2. Қалааралық және жолай сапарлар
Қалааралық бағаны сіз көрсетесіз, жолай сапардағы орынның бағасын — жүргізуші. Тасымалдаушы — жүргізуші, сапарға ол жауап береді.
6.3. Жеткізу
Баға жүктің түріне және қашықтыққа байланысты. Жіберуге тыйым салынады: ақша, қару мен оқ-дәрі, есірткі, улы, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, жануарлар, темекі, вейптер, алкоголь және заңмен тыйым салынғанның бәрі. Сәлемдеменің ішіндегісі күмән тудырса, курьер оны алудан бас тартуға құқылы.
6.4. Дүкендер
- Дүкен тауарларды, бағаларды және қалдықтарды өзі жариялайды және оларға өзі жауап береді. Сатып алу-сату шарты сатып алушы мен дүкен арасында жасалады.
- Сатып алушы дүкенге тікелей — дүкеннің деректемелері бойынша аударыммен төлейді және «Мен төледім» батырмасын басады.
- Қайтаруды, айырбастауды және кепілдікті тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң бойынша дүкен қамтамасыз етеді.
- Taximen GO дүкендерінде сатылмайды: алкоголь, темекі, вейптер, никотин өнімдері және басқа «18+» тауарлар.
6.5. Арнайы техника, шеберлер, хабарландырулар
Жұмыстың бағасы мен шарттарын клиент орындаушымен тікелей келіседі. Хабарландырулар бойынша мәмілелерге Taximen GO қатыспайды.
Шеберді шақырғанда клиент оған келген кезде өтінімді жібергенге дейін Сервис көрсететін шақыру бағасын (жол және бағалау) төлейді; жұмыстың өз бағасын клиент пен шебер өзара келіседі — Taximen GO оны белгілемейді және бұл келісімнің тарабы болып табылмайды.
Клиент шебермен тек қосымша арқылы байланысады: клиент пен шебер бір-бірінің телефонын көрмейді, ал шебер өтінімді қабылдағанда қосымша арқылы қоңырау шалуға болады. Олардың біреуінде мұндай қоңырауы жоқ қосымша нұсқасы болғанша, телефон бұрынғыдай «Қабылдау»-дан кейін көрсетіледі.
6.6. Жүк тасымалы
Тасымал бағасын Сервис өтінімге дейін көрсетеді: көлік класы, жұмыс сағаттары (қала ішінде) немесе қашықтық (қалааралық) және жүк тиеушілер саны бойынша. Клиент тасымалдаушыға тікелей төлейді. Тасымалдаушы — жүк көлігінің иесі, тасымалға ол жауап береді. Заңмен тыйым салынған жүкті тасымалдауға болмайды.
7. Төлем
7.1. Клиент орындаушыға тікелей төлейді: қолма-қол немесе аударыммен. Дүкенге — оның деректемелері бойынша. Taximen GO клиент пен орындаушы арасындағы есеп айырысуға қатыспайды.
7.2. Орындаушы Сервисте көрсетілген бағадан артық төлем талап етуге құқылы емес, Сервис бөлек көрсететінін (ақылы күту, «қайда» көрсетілмеген тапсырыстағы жол) қоспағанда.
7.3. Заң талап етсе, клиентке чекті орындаушы береді.
7.4. Клиенттер үшін Сервис тегін.
8. Тапсырыстан бас тарту
8.1. Клиент тапсырыс орындалғанға дейін одан бас тарта алады. Жүргізуші тапсырысты қабылдағанға дейін бас тарту тегін; кейін — келесі тапсырысқа 5% үстемеақы (6.1-тармақ). Қала ішіндегі такси жүргізушісі сізге келе жатқанда, бас тартудың орнына «Басқа такси іздеу» батырмасын басуға болады: бұл жүргізуші алынып, тапсырыс басқа көлік іздей бастайды — бұл бас тарту емес, келесі тапсырыс қымбаттамайды.
8.2. Клиенттің жанындағы жүргізуші 3 минут күткеннен кейін тапсырысты «Клиент шықпады» деп жаба алады.
8.3. Тапсырыс Келісімді бұзса немесе оны орындау мүмкін болмаса, әкімші одан бас тарта алады. Себебін екі тарап та көреді.
9. Жүргізушілер мен курьерлерге арналған шарттар
9.1. Қосылу. Сауалнаманы толтырыңыз, құжаттардың фотосын жүктеңіз және «Жұмыс шарттарымен келісемін» белгісін қойыңыз. Біз сауалнаманы тексеріп, нәтижесін хабарлаймыз. Көліктің тарифін және қалааралыққа рұқсатты Taximen GO тағайындайды. Жүргізушіге жүргізуші куәлігі, көлікке арналған құжаттар және сақтандыру қажет; тек ақаусыз көлікте және сау күйде, Жол жүрісі қағидаларын сақтай отырып жұмыс істеуге болады.
9.2. Желіде. Желіде тұрғанда қосымша орналасқан жеріңізді береді, оның ішінде фондық режимде, және сізге тапсырыс ұсыныстары келеді. Жауап беруге ұсыныста көрсетілген уақыт беріледі (әдетте 15 секунд). Қабылдаған тапсырысты орындауға міндеттісіз.
9.3. Баланс. Орындаушының қосымшада балансы бар. Оны алдын ала толықтырыңыз:
- «Баланс» бөліміндегі деректемелер бойынша Taximen GO шотына аударыммен;
- «Баланс» бөліміндегі QR-код бойынша;
- қашықтан төлеммен (мысалы, Kaspi-дегі шотпен), бұл тәсіл қосымшада пайда болғанда.
Аударымнан кейін «Толықтырдым» батырмасын басып, түбіртек нөмірін көрсетіңіз. Әкімші түсімді тексеріп, бүкіл соманы есептейді. Нақты аударымсыз «Толықтырдым» батырмасын басуға тыйым салынады.
9.4. Сервис комиссиясы. Әр орындалған тапсырыстан Taximen GO комиссиясы тапсырыс бағасынан пайызбен баланстан алынады. Комиссия мөлшері қосымшада көрсетілген.
9.5. Тапсырыстар қашан келмейді. Баланс «Баланс» бөлімінде көрсетілген шектен төмен болса, жаңа тапсырыстар келмейді. Taximen GO «Тек толықтырылған баланс» режимін қосса, шек — нөл: тапсырыстар баланста ақша болғанда ғана келеді, бұл туралы «Баланс» бөлімінде айтылған. Балансты толықтырыңыз — тапсырыстар қайта келеді. Баланс тек сервис комиссиясына жұмсалады және басқа адамға берілмейді. Сервиспен жұмысты тоқтатсаңыз, қалдықты қолдау қызметіне өтініш бойынша аударыммен қайтарамыз (Құпиялылық саясатының 9.2-тармағы).
9.6. Жүргізушінің рейтингі — 0-ден 9,9-ға дейінгі сан; жаңа жүргізушіде — 5,0. Ол орындалған тапсырыстар және клиенттерден бес жұлдыз үшін өседі, ал 1–3 жұлдыз бағалары, ұсынысты өткізіп жіберу, ұсынысқа үндемеу және қабылданған тапсырыстан бас тарту үшін төмендейді. Рейтинг тапсырыс кімге ертерек ұсынылатынына әсер етеді. Рейтингіңіз неден құралғанын қолдау қызметінен білуге болады.
9.7. Басымдық — жүргізуші ұсынысты басқалардан ертерек алатын белгі. Taximen GO оны Сервис арқылы таксиде тұрақты және бұзушылықсыз жұмыс істейтін жүргізушілерге береді. Басымдық сатылмайды.
9.8. Бас тартулар. Қабылданған тапсырыстардан жиі бас тартсаңыз, тапсырыстар уақытша келмейді (саны мен үзіліс уақыты қосымшада көрсетілген).
9.9. Рация. Іске қатысты сөйлеңіз. Қорлауға, боқтауға, қорқытуға, жарнамаға, музыкаға тыйым салынады. Рацияны Жол жүрісі қағидаларын бұзбайтындай етіп қана пайдаланыңыз.
9.10. Орындаушының міндеттері: қабылданған тапсырыстарды орындау, клиенттермен сыпайы сөйлесу, бағадан артық төлем талап етпеу, аккаунтты басқа адамға бермеу, клиентпен Сервисті айналып өтіп тапсырыс туралы келіспеу. Орындаушы өз құжаттары, рұқсаттары және салықтары үшін өзі жауап береді.
9.11. Жүк тасымалдаушылар. Жүк көлігі тексеруден кейін өтінімдер ала бастайды. Жүк көліктерінің иелеріне 9.3–9.5-тармақтар қолданылады: баланс, әр орындалған тасымалдан алынатын сервис комиссиясы және баланс шегі; комиссия мөлшері қосымшада көрсетілген.
10. Дүкендерге, техника иелеріне, шеберлерге және хабарландыру авторларына арналған шарттар
10.1. Дүкен, техника, шебердің сауалнамасы және хабарландырулар тексеруден кейін пайда болады.
10.2. Мәліметтер мен суреттердің шынайылығына сіз жауап бересіз. Төлем деректемелері сізге тиесілі болуы керек. Төлемді ақша түскеннен кейін ғана растаңыз.
10.3. Сатуға және ұсынуға тыйым салынады: алкоголь, темекі, вейптер, никотин өнімдері және басқа «18+» тауарлар; қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттар; есірткі; рецептпен босатылатын дәрілер; жалған және ұрланған тауарлар; интимдік қызметтер; заңмен тыйым салынғанның бәрі.
10.4. Қазір дүкендерден, арнайы техника иелерінен және хабарландыру авторларынан комиссия алынбайды. Ол пайда болса, алдын ала ескертеміз. Шеберлерден тек шақыру комиссиясы алынуы мүмкін (10.5-тармақ). Жүк тасымалдаушылардан комиссия баланстан алынады (9.11-тармақ).
10.5. Шеберлер. Шебер жұмысының бағасынан Taximen GO ешқашан комиссия алмайды. Сервис комиссияны тек бағалауға әрбір шақырудан ала алады — шақыру бағасының пайызымен немесе тіркелген сомамен, шақыру бағасынан артық емес; оның мөлшері қосымшада көрсетілген. Комиссия шебер «Қабылдау» батырмасын басқанда оның балансынан (9.3-тармақ) әр өтінімге бір рет алынады және өтінімнен кейін бас тартылса, қайтарылмайды. Балансында комиссиядан аз болғанда шеберге өтінімдер келмейді және клиенттер оны көрмейді — балансты толықтырыңыз. Әзірге шақыру комиссиясы өшірулі; оны қосу туралы қосымшада кемінде 7 күн бұрын ескертеміз (1.5-тармақ). Клиент өтінімнен «Қабылдау»-дан кейін 10 минуттан кешіктірмей бас тартса, комиссия балансқа өзі қайтарылады.
10.6. Шебердің клиентпен байланысы — тек қосымша арқылы: клиенттің телефоны шеберге көрсетілмейді, қабылданған өтінім бойынша қоңырау — қосымша арқылы (мұндай қоңырауы жоқ бұрынғы қосымша нұсқаларында — бұрынғыдай, телефон «Қабылдау»-дан кейін). Клиент сипаттамада немесе мекенжайда жазған телефон нөмірлері шеберден жасырылады.
11. Мінез-құлық қағидалары және мазмұн
11.1. Сервисте жол берілмейтін мазмұн мен мінез-құлыққа мүлдем төзбейміз. Тыйым салынады:
- тапсырыста, чатта, рацияда, пікірлерде қорлау, қорқыту, қудалау, кемсіту, жабысу;
- порнография мен интимдік суреттерді (оның ішінде ЖИ жасағандарын), зорлық-зомбылықты, зорлық пен араздыққа шақыруларды жариялау;
- алдау: жалған тапсырыстар, рейтинг пен пікірлерді жасанды көбейту, жалған хабарландырулар;
- біреудің құжаттарын, суретін, телефонын немесе аккаунтын пайдалану, бірнеше аккаунт ұстау;
- басқа адамдардың дербес деректерін жариялау;
- чатта, рацияда және пікірлерде жарнама тарату;
- Сервистің жұмысына араласу, орналасқан жерді бұрмалау.
11.2. Хабарландыруларды, дүкендерді және сауалнамаларды жарияланғанға дейін тексереміз және кейін де мазмұнды қадағалаймыз. Бұзушылықтарды жоямыз, бұзушыларды бұғаттаймыз.
12. Шағымдар
12.1. Хабарландырудағы, дүкендегі, пікірдегі, чат хабарындағы, шебер профиліндегі, жолай сапардағы, өтінімдегі техника мен жүк көлігіндегі немесе тапсырыстағы «Шағымдану» батырмасын басыңыз. Рациядағы хабарға қолдау қызметі арқылы шағымданыңыз: мемлекеттік нөмірді және уақытты айтыңыз. Чатта әңгімелесушіні бұғаттауға болады — ол сізге енді жаза алмайды. Сондай-ақ «Мәзір» → «Қолдау қызметі» бөліміне, support@taximen.kz поштасына жазуға немесе +7 775 273 20 00 нөміріне қоңырау шалуға болады.
12.2. Шағымның келгенін бірден растаймыз. Жол берілмейтін мазмұн мен мінез-құлық туралы шағымдарға 24 сағат ішінде шара қолданамыз. Кез келген шағымға немесе талапқа 10 күнтізбелік күн ішінде жауап береміз.
12.3. Сапарға, жеткізуге, тауарға немесе жұмысқа қатысты талаптар орындаушыға қойылады; біз талапты және тапсырыс туралы деректерді жеткізуге көмектесеміз.
13. Шектеу және бұғаттау
13.1. Келісім немесе заң бұзылғанда, алаяқтыққа күдік болғанда және басқа пайдаланушыларды қорғау үшін біз мазмұнды жоя, функцияларды шектей немесе аккаунтты, сауалнаманы, дүкенді немесе хабарландыруды бұғаттай аламыз.
13.2. Шектеудің себебі мен мерзімін қосымшада көресіз. Оны қате деп санасаңыз — қолдау қызметіне жазыңыз, 10 күнтізбелік күн ішінде жауап береміз.
13.3. Бұғатталған пайдаланушы біздің келісімімізсіз жаңа аккаунт жасай алмайды.
14. Қауіпсіздік
14.1. Төтенше жағдайда 112 (бірыңғай қызмет), 102 (полиция), 103 (жедел жәрдем), 101 (өрт сөндіру қызметі) нөмірлеріне қоңырау шалыңыз, сосын Taximen GO қолдау қызметіне хабарлаңыз.
14.2. Көлікке отырар алдында нөмірін, маркасын және түсін қосымшамен салыстырыңыз. Белдікті тағыңыз.
14.3. Көлікте затыңызды ұмытып кетсеңіз — қолдау қызметіне жазыңыз, жүргізушімен байланысуға көмектесеміз.
15. Жауапкершілік
15.1. Сервис «қалай бар, солай» жұмыс істейді. Байланыс, карталар және орналасқан жер байланыс операторларына, спутниктерге және құрылғыларға байланысты.
15.2. Taximen GO орындаушылардың қызметтері мен тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне және клиент пен орындаушы арасындағы есеп айырысуға жауап бермейді — оған орындаушы жауап береді.
15.3. Әр пайдаланушы өз әрекеттері үшін жауап береді және Келісімді бұзу арқылы келтірілген залалды өтейді.
15.4. Келісімдегі ештеңе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тұтынушылар құқықтарын шектемейді.
16. Зияткерлік меншік
Қосымша, оның дизайны, Taximen GO атауы мен логотипі Taximen GO-ға тиесілі. Карталар OpenStreetMap деректеріне негізделген (© OpenStreetMap қатысушылары). Қосымшаны біздің рұқсатымызсыз көшіруге немесе таратуға болмайды.
17. Даулар және байланыс
17.1. Даулар алдымен келіссөз арқылы шешіледі: талапты қолдау қызметіне немесе төмендегі мекенжайға жіберіңіз, 10 күнтізбелік күн ішінде жауап береміз. Келісе алмасақ — Қазақстан Республикасының сотында.
17.2. Дара кәсіпкер Адасханова Шолпан Сакеновна («Адасханова» ЖК)
ЖСН: 900830401104
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қ., Шоқан Уәлиханов к-сі, 23А
Қолдау қызметінің телефоны: +7 775 273 20 00
Email: support@taximen.kz
Қосымшадағы қолдау: «Мәзір» → «Қолдау қызметі»